12.07.2022
106
НЕГЕ КҮҢГІРТ ТАРТАСЫҢ, АЛБЫРТ ЖҮРЕГІМ?!
Уа, дариға! Нәзік ерке ой-арманым,
Бұл жаста мен не жаздым, кімді алдадым?
Себепсіз күннен-күнге жүдеткендей,
Уа, тағдыр, бар ма менде өш алмағың?!
Уа, арман! Сені аялар қаракөз бе?
Не зат бар жан саясы одан өзге?
Сен неге күңгірт тарттың, жан дүнием,
Он тоғыз – балғын жастық, қызық кезде?!
Жабырқау жыр оралад кеп көңілге,
О дағы әлдекімге өкпелі ме?
Есіктен әнмен кірген жас ұлына
Неге ғана өмір жоқ кең дүниеде?
Япырмау, емес пе бұл сарыуайым,
Біреуге – мал, біреуге – жан уайым.
Әсем киім – маған бақ, арман емес,
Оныменен табылмас менің жайым.