12.07.2022
118
ҚИЯЛ ҚИЯСЫ
Аралап əсем Баянды,
Армансыз жүзіп тоғайға,
Айнаммен бірге аяулы,
Адасып кетсем болмай ма?
Қиянға шырқап кетсем де
Қынжылмас едім ондайда.
Тынығар кезде тепсеңге
Тасыңды кісі талғай ма?
Арманым, əттең, тек менің:
Келмегем неге жасымда?
Төсеніп майса көк шөбін
Жүрмегем неге осында?
Текшелеп тасын қалаған
Қараймын таулар көркіне.
Талайы үкі қадаған
Ұқсайды қыздар бөркіне.
Баянды кезген кезінде
Қызықпас кім бар тасына?
Ескерткіш құсап өзің де
Тұрасың кейде басында.
Алқапта жатқан мөлдіреп
Төнесің түрлі көліне...
Солардың сырын мен бір кеп
Шертпегем неге еліме?
Орынсыз арман не керек,
Оралмас сірə, ол енді.
Кезімде қайта егдерек
Терермін тынбай өлеңді.
Қартайып қазір қалсам да
Қараймын тауға құмартып.
Қапыда кетпей қашан да,
Қайрыла кеткен көп артық!