ЖҮРЕК СӨЗІ
Жанымыз бірге тыныстап,
Жырладық ұзақ бірге біз.
Жүректе екен туыспақ,
Түсінсек терең тілге біз.
Атақты кобзарь Шевченко
Ауылды көріп ең алғаш,
Болсын деп түзге көлеңке
Егіпті содан верба ағаш.
Айдауда жүрген ақынға
Болыпты пана киіз үй.
Еңсеген қазақ халқына
Есіпті содан жыр мен күй.
Қазақтар (қандай жаны ізгі!)
Сақтапты соны жүректе.
Қалыпты соның мəңгі ізі
Шевченко салған суретте.
Өрісі шалғай көшпелі ел
Ұдайы соны бірге айтқан.
Дүрілдеп дауыл, соқса жел,
Далаға жайып ұлғайтқан!
Достықтың ізі тек ол ма?
Ұласып жатыр əр қайда.
Қырқысқан кеше көгалда,
Киев пен қыруар тоғайда.
Қазақтар жауға жеңдірмей
Қорғасып Киев атырабын,
Өзінің туған жеріндей
Елжірей сүйген топырағын.
Айдарда біздің Сайындар
Шайқасқан қатты өзіңдей.
Сонда бір əсем қайың бар
Ақынның жазған сөзіндей!
Жаудырап балғын ақ қайың
Жанады түнде шамға ұқсап.
Сақталар солай əр дəйім
Өтсе де жылдар сан қисап!
Жанымыз біздің осылай
Жаралған бірге сендермен.
Өзімнің туыс, досымдай
Жандарды талай көргем мен.
Жарасып үні тағы да
Жырымыз бүгін бірге тұр.
Ұласқан əлде шағы ма
Ертіс, Дон, Іле, Днепр?
Құшағы ашық алдыңда
Қашан да біздей дос елдің.
Дəулеті тасқын айында,
Аяулы достым, қош келдің!