10.07.2022
  138


Автор: Ғафу Қайырбеков

ҮМІТ-ДҮНИЕ

Жылдар, жылдар –
Қанатындай аққудың,
Жылдар, жылдар, –
Қиялындай ақынның –
Зырлайсыңдар,
Алдайсыңдар, ақырын, –
Алданбауға
Жетпес менің ақылым.
Үміт-дүние,
Бұрғызбайсың бетімді,
Есептеуге
Кеткен істі не түрлі.
Арттағының
Бəрі ұмыт секілді,
Алдағының бəрі қызық секілді.
Өмір-дария,
Өткелі жоқ, кешпе жоқ,
Өтемін – деп,
Өшетінің есте жоқ,
Сылдыраған су секілді
Дүние-ай,
Бəрі солай –
Түсте көрген кеште жоқ.
Жаңа жылдан
Жақсылықты дəметіп,
Қарсы аламыз
Қолда барды дəм етіп,
Қайран шалдар
Сайран салар жастармен,
Сəл ұмытып
Кеткен кезді бəрі өтіп.
Жыл жасартпас,
Келгенімен жаңаша,
Қуанамыз
Бірақ соған балаша,
Үміт – деген –
Дүниені қимау ғой,
Үмітсіздік –
Қызық болмас ол аса.
Жыл жасарып,
Біз барамыз қартайып,
Теңіз – көңіл
Жағасынан ортайып,
Сабасынан кеміп кеткен
Қымыздай,
Бір жалмауыз
Жұта-жұта шалқайып.
Кешір, жылым,
Кетсе мені мұң басып!
Аз мұқасам,
Аламын деп сырласып,
Кешір мені,
Бұлтсыз болмас аспан да, –
Оған кейде
Көрінбейді күн – ғашық.
Жаңа жылым,
Тағы мені құшақта!
Патша жасап,
Шығармасаң да бір таққа.
Амандық бер,
Ақ көңілді ақынға,
Əсіресе, жақсылық бер
Ұрпаққа!





Пікір жазу