АНА ТІЛІ
Жататын биіктерде өлшемі тым,
Бір тұтас тауларымның –
Бөлшегісің!
Тағы да тіл жайында толғанайын,
Жазуға құдіретінді келсе күшім!
Түсермін от пен суға мен сен үшін,
Жатса да көп шындықты көмкеріп күн...
Тілі мен діннен жұртты бездіргенде,
Аспаным қақыраған,
Теңселіп шың!..
Тəуелсіз, нұрланды елім, азат күннен,
Аңсаған азаттықты,
Қазақпын мен!
Кешелер, қайғымды айтып күңіренсем,
Жыр жазам, мен осынау –
Ғажап тілмен!
Ойымды Ана тілмен оюлаймын,
Жүректе Ана тілсіз,
Қоюлар мұң.
Құдіретті тілімнің арқасында,
Ешқашан,
Жер бетінен,
Жойылмаймын!
Ар тұтып, ардақтаған азаматын,
Бар ойын,
Ана тілмен жазды ақын.
Салт-сана, ана тілден айырғанда,
Жоюға жанталасты-ау,
Қазақ атын...
Сезімнің тілмен төгіп кестелерін,
Ғасырдан – ғасырларға,
Көшті өнерім!
Ұлтымның ана тіл ғой,
Ар-таңбасы,
Тіл өшпесе,
Менің де өшпегенім!