27.06.2022
  95


Автор: Марфуға Айтқожина

БЕУ, ЖҮРЕГІМ

Беу, Жүрегім,
Шынымен шөлдеген бе,
Қайтер едің
Сезімің селдегенде?!
Қанатымды күні-түн қағып-қағып,
Жетермін аңсау атты көлге мен де.
Беу, Жүрегім,
Шынымен шаршаған ба,
Тыным болмай осынау қарша жанға.
Жұпар жұтып,
Жусаннан,
Аршадан да,
Тілеу тілеп жердегі барша адамға.
Беу, Жүрегім,
Қайтейін,
Қиналдың да,
Көз жасым бар көлдеген,
Құйған құмға...
Қабір емес, сəп салып қарасаңыз,
Менің бар жанашырым,
Тұрған мұнда...
Беу, Жүрегім,
Құндақсың жиған жырға,
Сен де сол тыныштыққа жиналдың ба?!
Жүйке-тамыр жұқарып жылдан-жылға,
Сəл нəрсеге мұңайып,
Сұрландың ба,
Сəл нəрсеге қуанып,
Нұрландың ба?!.
Беу, Жүрегім,
Маза жоқ бүгін сенде,
Жуасың ғой иеңнің жүзін селге.
Селге жуған жүзімді аймалатып,
Сүйгеніме,
Өкінбен,
Үзілсең де,
Үзілсең де!..





Пікір жазу