27.06.2022
  108


Автор: Марфуға Айтқожина

Болмаса жанып тұрған жүрегіңде от...

Болмаса жанып тұрған жүрегіңде от,
Сен кімнің тұрғандайсың тіреуі боп.
Бірге өскен құрбылардың біреуі жоқ,
Жалғыз сүйеу – ол халқым,
Тілеуі көп!..
Себебін білгің келсе,
Сұра менен,
Арнасын енді өзгеше бұрады өлең.
Қалыпты туған ай да қораланып,
Дегендей, мен қашанғы тұра берем.
Кəнеки, мейір қандыр,
Мерейіңнен,
Бар болса жомарттығың көрейін мен.
Аламын сөздің басын саумаламай,
Толқынды,
Толықсыған тереңімнен!
Жөн болар арнамды енді тасытқаным,
Қалмайды сырын бүгіп ашық жаным.
Өр болып жүрмес едім,
Өмір кешіп,
Қанымда жатпаса егер тасып дарын.
Күніне елеңдетіп қашықтағы үн,
Келемін өзен,
Көлдер,
Асып тауын.
Қыран – жыр!
Сыпырайын томағаңды,
Жөн болар арманыңа асыққаның!
Кеудемде бұрқылдатып бастауымды,
Келемін көтертпей-ақ,
Шашпауымды...
Шалқып та жүрген жоқпын,
Шарықтап та,
Біледі балаң өзін басқаруды.
Көңілдің толқуы ма,
Толғауы ма,
Толды ма сыным көзге,
Толмады ма?!
Маған да бір сөйлейтін келді кезек,
Тағдырым бетті бұрса оңға мына,
Оң сапар!
Кірісейін жол қамына...
Бұлыңғыр ма, білмеймін,
Ашық па күн,
Жүргені жетер енді жасып жаным.
Əділ қазым – оқырман,
Төреші бол,
Айтайын тірлігімнің ашып мəнін.





Пікір жазу