27.06.2022
  148


Автор: Марфуға Айтқожина

ЖҮРЕГІМ, БОЗТОРҒАЙДАЙ ШЫРҚА БҮГІН

Толғандым күніменен,
Түніменен,
Жазсам деп саған лайық тұнық өлең.
Алдымда асу-асу жол жатқанда,
Бітер ме жырдың жүгі бұныменен,
Айтылып келе жатыр арман əні,
Армансыз өмірімнің бар ма мəні.
Болса егер бір қасиет тал бойымда,
Бəрі де халқым,
Саған арналады.
Жаудырып маңдайымнан суық терді,
Келемін тəуекелге буып белді.
Қолдаса аруақтының аруағы,
Ұятқа қалдырмаспын сүйікті елді.
Көрінген шолпанындай жыр – таңының,
Ақын елдің əйгілі ұрпағымын.
Заманым жырлауға ерік берген екен,
Жүрегім, бозторғайдай шырқа бүгін!
Жүрегім, бозторғайдай шырқа бүгін,
Осылай шуақ төгіп тұрса күнім.
Көрем де жыр көгінен қуанамын,
Абайдай табындырған,
Жыр – тəңірін!
Шерлі ме,
Жүрек əлде ызалы ма,
Қүйініп қаның кейде қызады да.
Көшеді өлең – керуен,
Тоқтамайды,
Ажалдың іліккенше тұзағына.
Əйтеуір, ел қатарлы тұрмысым да,
Жүрегім жалын атып жыр құшуда.
Отырып Алматымда толғанамын,
Абай қалай жатыр деп,
Шыңғысында...
Шыңғыс тау!
Алатаудың бір бөлегі,
Ғасырлар бөлінбеген іргелері.
Ал бүгін Абай жері азалы ғой,
Айтуға қасіреттен тіл күрмеледі.
Шыңғыстың соққан сайын күнде желі,
Жан-жүйем босап, тілім күрмеледі.
Билігін айтып қалмай осы тұста,
Жарықтық Құнанбай да үндемеді...
Жайлар көп толғандырар күнде мені,
Қираған молалар да күңіренеді.
Алматыда алаңмен таңды атырам,
Түсірулі Шыңғыстың түн желегі.
Шыңғыстың түсірулі түн желегі,
Үрейден жүдеу тартты гүлдер өңі.
Жидебай –
Жыр ордасы бір кездегі,
Ақынның ойын бөлген кімдер еді.
Ойын бөлер батылы барып қалай,
Өнерді сол өлкеге дарытқаны-ай!
Өнердің ордасына ойран салып,
Жатыр ғой жер сілкінтіп,
Жарып талай.
Гүл терген орманынан,
Бағынан көп,
Шыңғыстың тыныш түнін сағынам тек.
Ойласам Семейімнің сергелдеңін,
Қасіретім шашымның ағынан көп...
Ұлы Абай!
Төрге шығып,
Малдасың құр,
Өзіңді сүйген ұрпақ жалғасын жыр.
Саналы саңлағыңды ойға салып,
Күңіренген күйің мен көз жасың жүр.
Күңіренген күйің мен көз жасың жүр,
Ұлы ақын!
Басташы өзің сөз басын бір.
Қалықтатшы қайтадан Қаламқасты,
Тозбасын туған жерің,
Қоздасын жыр,
Тозбасын жыр!





Пікір жазу