АНА ТІЛІМ
Ардағым-ай,
бағың да ашылмады-ау.
Ашылмады-ау,
дауың да басылмады-ау...
«Жырыңды құрт!» дегенді
естіп едік,
«Тіліңді құрт!» дегені – басынғаны-ау!
Кім ойлаған болар деп бұлай заман,
Тұнығыңды қай кәпір лайлаған?
Ел додаға түскенін көріп едік,
Сен додаға түсер деп кім ойлаған?
Ақ сүт беріп өсірген балаң – анау,
Арқа сүйер ақсақал данаң – анау...
Шыңыраудың түбінен аласұрып,
Шырылдаған даусыңа қарамады-ау!
Киелім-ай, қаратты-ау, сені жерге,
Байлап қойып талатты-ау, бөрілерге.
Қамшы үйіріп басыңа қарақшылар,
Қорықпады тіріден, өліден де.
Аяқ асты...
Тапталып жер болдың-ау,
Арсыздардың тапқаны – сен болдың-ау!
Түн ұйқыңды төрт бөліп әлдилеген,
Қайран, «Бесік жырым-ай»,
Қор болдың-ау!
Қой аузынан шөп алмай жүрген ел ек,
Ірісің деп ешкімді күндемеп ек...
Сонда сенің әніңді кім тыңдайды,
Сонда менің өлеңім кімге керек?!
Қанатым жоқ,
Мен қалай шыңға қонам?
Кімге шағам мұңымды,
Кімге барам?
Жер құрыса,
Сен бар деп алаңдаушы ем,
Сен құрысаң,
Мен кімге тұлға болам?
Сені ойласам –
Зәрлі уға толады ішім,
Тұғырыңа қайта кеп қонамысың?
Жапырағың сарғайып жаз айында,
Қазан ұрмай, қар жаумай соламысың?
Қанатыңды қайтадан қағасың ба,
Жанарымнан жас болып тамасың ба?..
Ақ маңдайың жарқырап болашаққа,
Қазақ деген атты алып барасың ба?!
Енесінен айрылған құлыншақтай,
Айдалада аңырап қаласың ба?!