22.06.2022
  160


Автор: Сағи Жиенбаев

ЖҮРЕГІМ МЕНІҢ

Жүрер ең шарлап дүниені
Асау бір желдей ат мінсең...
Онсыз да,
құйттай жүрегім,
Не көрмей келе жатсың сен.
Қайтесің менен алыстап,
Қадалар қор ғып бір шөңге,
Шап беріп саған жабыспақ,
Кеудеме тығып жүрсем де.
Өзіңмен талай бел асқам,
Көргенбіз талай жол тауып.
Секемшіл едің о бастан,
Селт ете қалсаң – қорқамын.
.. .Тимей-ақ жерге табаным,
Шықпай-ақ әлі бесіктен,
Құлағын жарған даланың,
Құлындай дауысыңды есіткем.
Қанаты көкте дірілдеп,
Ұшқалы жүрген құс па екен,
Сонау бір
Жердің түбінде
Жұлдыздай ағып түсті әкем.
Білмеймін –
Одан бір белгі
Қалды ма, жоқ па жүзімде.
Тұңғиық мынау дүниеден
Таба алмай қалдым ізін де.
Мәңгіріп иесіз белеңде
Ызыңдап ұшқан желменен,
Арманыңды аппақ сенің де
Сонда бір алғаш жерлеген...
Содан соң –
үнсіз жалтақтап,
Оралмай кеткен көктемге,
Қалтырап тұрған жапырақтай,
Жаңа бір қолым жеткенде,
Өткен бір мұң
жаңбырдай
Жауып бір жауып тоқтаған,
Жарқ етіп
көзім алдында
Жалынға сүңгіп кетті ағам.
Қараша соғып гүліңді,
Кеудеңе қара өрт кіріп,
Жау оғы
қыршын күйінде
Кетті бір тағы мерт қылып...
Есімді қалдым жия алмай
Сұрапыл дауыл шайқаған,
Сірі екен жаным,
ұялмай
Жер басып кеттім қайтадан.
Көруді қайта жазбаған
Жалғадым
Солар арманын,
Күл болып кете жаздаған
Көтердім қара шаңырағын...
Келді ме сенің дәуренің
Енді бір мұңнан серпілмек,
Көріп ең аппақ сәулені
Көзіңнің жасы мөлтілдеп.
Жарыла жаздап жолында,
Сол еді барлық күткенің,
Қалдың-ау, сезбей оның да,
Құшаққа жетпей біткенін.
Уланып зәрлі қайғыдан,
Жай оғы тесіп өткенде,
Құшағың содан айырылмай,
Қалдың сен анау көк белде...
Көңіл де,
көз де шайлығып,
Шықтым мен үнсіз сан белге.
Қанатың оқыс қайырылып,
Қалмадың, жүрек, қай жерде?!
Өтемін таудан,
теңізден,
Көрем бе, деп бір қарасын...
Кеземін ылғи сені іздеп,
Аспан мен жердің арасын.





Пікір жазу