20.06.2022
  128


Автор: Әділбек Ыбырайымұлы

ЖҮРЕККЕ АРЫЗ

Жылап қалды нәресте қалтаңдаған,
Кетті әкесі соңына жалтаңдаған.
Дәрухана.
Жүрген ем ауласында,
– Келе ғой, – деп шақырдым, – қалқам, маған.
Айғыз-айғыз өз ішім аяныштан,
Неткен мынау тірлік бұл баяны ұшқан.
Қолқа-жүрек барады суырылып,
Мені қойшы,
Сәбиді, ая мыстан.
Бода-бода көз жасын ірке алмайды,
«Әкең қазір келед» деп, жұрт алдайды.
Уанады нәресте
Өксіп барып,
Қан жылаудан өзегі бір танбайды.
Селт етпейді безерген мансұқ-ғалам,
Құр сүлдерім,
Кеудеден жан шықпаған.
Әлдекімнің жүрегі жібісе әттең,
Мейірімнен бір жола қаңсып қаған.
Ата-анасы жырақта
Құрақ ұшқан,
Келе алмайды…
Алаңдап жүр алыстан.
Қанын сорар айламен бас қаратып,
Ертектегі өлмеген сірә мыстан.
Ұлы жүрек,
Сезінсең елжірегін,
Қатыгез ғып қоймашы ел жүрегін.
Шыр-шыр еткен сәбиді уатумен,
Дәрухана сыртында мен жүремін.
Сен едің ғой бастайтын адалдыққа,
Шыға алмайтын тұйыққа қамалдық па?
Келе сала өмірге мұң кешеді,
Ұлы жүрек,
Осының адалдық па?..





Пікір жазу