20.06.2022
109
Жүрегім
Жүрегім
Мұң-батпанға төтемедің,
Қайтейін көрінгенді «көкеледім».
Бір күні көзім жұмып қалғанымда,
Сол кезде қадіріме жете ме елім?..
Жеп тынар осы кеудем кеселденген,
Өмірде бір рет туып,
Бес өлген ем.
Көп көрдім тағдырымның тауқыметін,
Мендік бақ асқақтамай
Мешелденген.
Келеді жайымды ұқпай
Жанашырым,
Інілер түсінбеді аға сырын.
Оптыққан көңілімді ойсыратып,
Ішкізді зәм-зәм емес қара «шырын».
Әйтеуір кесапатқа шандыламын,
Қаншалық шарқ ұрсам да
Мандымадым.
Кетеуін тірлігімнің алды інілер,
Жүректі қасіретке малды,
Малдым.
Аңсатты таныс бауым,
Таныс бұлақ,
Ат қайда «Ақкекілдей» қамыс құлақ?
...Бүк түсіп,
Төсегіме жатып қалдым,
Тағы да қу жүрегім шанышқылап.