14.06.2022
126
Қайран жүрек қысып-қысып кетеді...
Қайран жүрек қысып-қысып кетеді,
Бір соққаны мың соққыға жетеді.
Сол бір сәтте өткен күндер тізіліп,
Қайтқан құстар көз алдымнан өтеді.
Қиянатым жоқ қой ешбір адамға,
Қайта үңілем арттағы көп қадамға.
Бір ананың жалғызы боп жүргенде,
Сенуші едім жүрегім мен қаламға.
Әлі күнге сол екеуі ұғар деп,
Тіршілікке келем шексіз құмар боп.
Жүрегіме еш өкпем жоқ, түсінем
Қатер сезген қоңырауы шығар деп.
Сондай кезде бір суынсам, бір күйіп,
Жүрегімде бар демеңдер мың күйік.
Ештеңе жоқ, өзім табам дәруін,
Көз қызыққан сұлу көрсем бір сүйіп.