ЖЕЗҚАЗҒАНЫМ – ҚАНЫШТЫҢ ЖАН-ЖҮРЕГІ
Қанышы бар қызық қой өмір деген,
Қанаттанып, күш алып көңілденем.
Атын айтсам алыстан бой тастайды
Таңғажайып белестер көрінбеген.
Ғибрат алдық заңғайыр данадан біз,
«Ұлытау, Баян – жалғас» деп санағанбыз.
Қаныш десең Жезқазған елестейді,
Сол қаладан ержетіп тарағанбыз.
«Жезкиіктей» жанымның дәру әні,
Ол – гүл, дала перзенті, ару әні.
Мойыл қара көздері мөлтілдесе,
Жүрегіме отты ұшқын дарығаны.
Кенші күнім, кең құлаш отты күнім,
Ең ғажайып Ұлытау тосты гүлін.
Жезкиіктің жезқанат желісіне
Қоскөл жақта аққу-қаз қостым үнін.
Қаныш – Кеңгір,
Қаныш – кен,
Қаныш – қала,
Естен кетпес жақында, алыста да.
Жезқазғандық жігітпін деп қуанам,
Қуат берген бойда ар-намысқа да.
Шығыс жақтан қызыл мыс таң кіреді,
Бірге келер Сарыарқа нәрлі лебі.
Кен иесі – Қанекем, жер иесі,
Жезқазғаным – Қаныштың жан-жүрегі...