13.06.2022
  105


Автор: Ұлықбек Есдәулет

Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім...

Сыздайды да мұздайды сұм жүрегім,
Қаңылтырдай тот басқан тұнжыр өңім.
Тебінгідей шіріген төзімім-ай,
Тепсе үзілмес сен де бір шынжыр едің.
Қыста оянған аюдай халім мынау,
Сең соққандай сенделдім,
сабылдым-ау.
Көкірегім көк сүңгі,
жаным қырау
Сандалтардай тағдырға нағылдым-ау,
Жасырамын жанымның ауруын,
Запыранын сапырар зары, мұңым.
Ертегіден ұшып кеп,
әкеп мені,
Қауырсынын күн шалған самұрығым.
Түрі өзгерді тірліктің мүлде, кенет,
Тығылғандай халдемін түрмеге кеп.
Жүрегімді қараймын қолыма алып,
Дімкәс жүрек дерт буған
Кімге керек?..





Пікір жазу