12.06.2022
  100


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ТАҒЫ ДА ТУҒАН ТІЛІМЕ

Етектегі тасыңды
өрге апарсам деп едім,
есіктегі басыңды
төрге апарсам деп едім,
өз елінде өгейлі,
кісі үйіне кегейлі,
кенезелі күйіңе
көл қотарсам деп едім.
Бұлт басқан көгіңді
нұр жайнатсам деп едім,
тереңдегі кеніңді
күнге ойнатсам деп едім,
кеуіп қалған көніңді
қымыз құйып жібітіп,
құлақ құрышын қандырып,
сырнайлатсам деп едім.
Көгендегі қозыңды
жамыратсам деп едім,
ошақтағы қозыңды
тағы жақсам деп едім,
қорамсаққа қол салып,
қозыжауырын жебеңді
теміренін тебірентіп,
жауыңа атсам деп едім,
терезеңді теңелтіп,
керегеңді кеңейтіп,
қабағыңды қайтадан
жадыратсам деп едім,
қайран, Ана тілім!





Пікір жазу