12.06.2022
139
Кешкі бақта жан-жүрекке мұң егер...
Кешкі бақта жан-жүрекке мұң егер,
Қып-қызыл боп мөлдірейді шиелер...
Жыла, жыла... жапа-жалғыз күйе бер,
Амалың жоқ, тағдыр қырын қараса...
Қаймықпаған ханзададай ұл едің,
Кездесті де гүл еріңді бір өрім,
Қарап тұрып дал-дұл болды жүрегің,
Амалың жоқ, тағдыр қырын қараса...
Көкірекке салды найза – кірпігін,
Қайрылмады, кете барды шіркінің,
Ауыр болды бір түніңнен бір түнің,
Амалың жоқ, тағдыр қырын қараса...
Бір қолыңмен жүрегіңді уыстап,
Бір қолыңмен қан шиені тұр ұстап,
Мас кейпіңе қайран қалсын күміс бақ,
Амалың жоқ, тағдыр қырын қараса...