ҚАЗАҚСТАН - ЖҮРЕГІМ
Көк байрағы көтерілсе күрсінетін күллі əлем,
Ұлы түрік ұрпағымын, көк тіреген, тұлғалы ең!
Асқар тауды қалқан қылып, бұлттан киіп сауытты,
Қабырғасын қақыратқан талай жаудың қауіпті,
Дүрсілдеткен тұяғымен дүниенің жүрегін,
Қамшы ұшымен билік айтқан тəңірінің ұлы едім!
Басынан құс ұшырмаған, аяққаптай кеудесі,
Бұқа мойын батырларым тұтқа болған жерге осы!
Көріп менің ат түгіндей ұйысқан көп халқымды,
Тас шарпыған айбатым мен Айға шапқан даңқымды,
Екі басы екі жаққа қарап туған самұрық,
Іші күйіп, жанарымен жер шұқыды қамығып!
Күйсе күйсін!
Жаса, жаса қасиетті ұлы елім,
Қанатыңды əлемге жай, Қазақстан – жүрегім!
Абылайдай болашаққа көз тіккен көп елағам,
Елдің қамын ойлайтындар, əрдайымда бол аман!
Елтаңбамда бейнеленген қос мүйізді пырақтар,
Көк байрақта Күн көтерген қырандарым, қуаттан!
Желбіресін сол байрағым ұстап дүние тұтқасын,
Көрші түгіл төбесіне қазақтың құс шықпасын!
Мен – дауылмын,
Дауылдардың өзі маған ықтасын,
Мен – қауыммын,
Басқа қауым сенімімнен шықпасын!