12.06.2022
  124


Автор: Алмахан Мұхаметқалиқызы

Жүрегім, шыныменен дерттімсің...

Жүрегім, шыныменен дерттімсің,
Шынымен дертке толып кетті ме ішің?
Бақсыз-ақ түн күзетіп, таң атырып,
Ай туғызған шақтарға кектімісің?!
Жарылыс жасайтындай ішімдегі үн,
Мына тезек дүние, түсім бе едің?!
Қулықтың, құрбандықтың моласынан
Қатты шошып, ұлиды ішімде мұң.
Мен емеспін сабырдың салт бұзары,
Бағыма ұрлап кірсе қартсымағы.
Торғайдың жүрегінен жыр арнаған
Шабытым шамырқанып, шарт сынады.
Жүрегім, шыныменен шаршадың ба?
Көк тиынға тұрғысыз ар-сағымға
Пышақ жүзді аяныш жанып өтіп,
Тыңнан түрен салам деп аңсадың ба?!
Бұл фәниге, білемін, сыя алмайсың,
Жалғандықты бәрібір тыя алмайсың.
Менің титтей кеудеме қашып кіріп,
Қисынға келмейтінді қиялдайсың.
Мен көремін. Сен маған тығыласың,
Сен көрмейсің, несіне бұғынасың?
Сұмдықты сездірмеуге тырысам ғой,
Неменеге сүрініп, жығыласың?!
Өмір – жалған. Сен болсаң періштесің,
Расты хақпен ғана бөліскесің.
Өтірікті көруге дәтің жетпей,
Шындықты сездіруге келіскесің.
Өйткені сен – періштесің.





Пікір жазу