06.06.2022
  105


Автор: Жұматай Жақыпбаев

Жүрегіме жанарыңмен үңілдім...

Жүрегіме жанарыңмен үңілдім,
Мен өзімнен сөйтіп те бір түңілдім.
Қанша қыздың білегінен ұстадым,
Қанша кеште қызық іздеп жүгірдім.
Кіршіксіз ем, күнәсіз ем ақ қардай,
Өзге түгіл, өз сенімім ақталмай.
Қанша түнде жат төсекте ояндым,
Ояндым бір табытымда жатқандай.
Жаңа ғана жатқан қызды күнім деп,
Жаңа ғана құшқан қызды күлімдеп,
Мойынымнан ақ білегін итердім,
Итердім мен сен де өзіңнен түңіл деп.
Қылмысымыз емес шығар бір біздің,
Жанарымнан жарық түнде мұңды үздім.
Денесінің керектігі арқылы,
Мен ол қыздың керексізін білгіздім.
Өзіңе арнап жазғаныммен жыр-ән мың,
Өстіп талай биіктіктен құлармын.
Мен өзіңе ғашық болдым, бірақ та,
Неге екенін, басқаға да құмармын.
Адам емес, тіпті кейде аңдай боп,
Қанша қызды жұмарладым қалмай көп –
Өз жерінен бақыт таппай, жат жерді,
Тонап жатқан жат ниетті жаудай боп.





Пікір жазу