06.06.2022
136
Жүрекке, айтам...
Қалың ой қаптап тұрғаны-ай,
Көтертпей басып еңсені.
Бағынбай жүрек...
Бұл қалай?
Түсінбей тұрмын мен сені.
Әлде не түсіп есіңе,
Өлең боп жалғыз сырласың.
Дөңбекши бердің несіне,
Бір үйге сыймай бір басың.
Түн ұзақ,
Қойды таң атпай,
Жырыңды жұмбақ кім ұқсын?!
Беймезгіл келген қонақтай,
Махаббат сен де қызықсың!
Қайғысы жатқан мың батпан,
Жанымды кім бар ұғатын?!
Айтайын деп бір тіл қатсам,
Әзілге сөзді бұратын.
Тұрған бір сонау күлімдеп,
Көремін жалғыз елесін.
Іздесем қайғы - жырым боп,
Әнім де мұңды келетін.
Қиялшыл болдым бұл кезде,
Жүректе толқып бір сезім.
Қадалған оған көп көзге,
Қарсы боп тұрам бір өзім!