ЖҮРЕК
Жүрек – менің алақаным достарыма ашылған,
Жүрек – менің жұдырығым қастарыма ашынған.
Жақынымды аялайды, мейірімін төгеді,
Жұрттың бəрін құшағыма ап сүйе бергім келеді.
Жүрек жасыл жапырақтай жасарады көктемде,
Жазғы жаңбыр жұпар иісін бұрқыратып өткенде.
Жауқазын жыр жүрегімнен өсіп шыққан гүл-сынды,
Жырламақ боп мағыналы тіршілікке құлшынды.
Жігері де, сезімі де жинақталар жігіттің,
Жүрек деген қоймасы ма күдік пенен үміттің.
Жасымайды кейбіреулер кетсе де оны танымай,
Жасқанбайды күш-қайратын намысына жанымай.
Жүрек менің кеудемдегі аласұрған балықтай,
Жүзеді кеп өмірімнің айдынында жалықпай.
Жағалауда бір қыз отыр сол балыққа қармақ сап,
Жаным менің ауырады, ауырады қан қақсап.
Жүрегімді, ей, ерке қыз, жүгендемек болып па ең,
Жауап берші, қалқатайым, үндемейсің неліктен?!
Жанарымда жалын ойнап, барам мен де елжіреп,
Жасырмашы, сен ол қызды сүйесің ғой, ей, жүрек!
Жек көресің талайларды, ұнатасың талайды,
Жаным менің жаны жомарт жақсыларды қалайды.
Жүрек – менің жұдырығым қастарыма ашынған,
Жүрек – менің алақаным достарыма ашылған.