03.06.2022
  124


Автор: Жұмекен Нәжімеденов

АНА ТІЛІ ТУРАЛЫ СӨЗ

– Қызыл сөзбен нан табады бұл күнде,–
күлді екеуі бүйірлері бүлкілдеп.
Үшеуіміз де сөйлейміз ғой бір тілде,
айт, айт, дедім, іркілмеңдер, іркілме.
Қызылдықтан емес сөзім жанса егер,
мынау дедім, жылайтын жер, күлкің не?!
– Кітаптарың сендердің,– деп
тағы күлді сонда әлгі,
– өтпей жатыр.
– Рас, ондай болған-ды.
– «Болған» емес, болып келеді енді-енді,
өстіп қысып қою керек сендерді,
– Бірер кітап... жаман жазған шығармын...
– Әдебиет... ісі дейсің бұ да ардың.
– Рас, дедім, тауып айттың,
бұ да рас:
жазушының өтірікке діні қас.
– Бірақ ондай кітаптарды қазақы
жазғандардың шығып жүр ғой аз аты.
Ол тілде оқыр жұрт та азайып келеді,
құрыр түбі адамдар да жазатын.
– Құри берсін сен секілді сөзшеңдер,
халқы құрымаса болды қазақтың!
– Ха-ха, ха-ха, әзіл ғой, дос, құрбылық –
баяғыда іс қылып ең бір бүлік...
Мұндайда адам – ақылсыз ғой,
мен де – сол:
көрдім, дедім, осы қазір өлмесем –
үйдің іші өре тұрды дүрлігіп.
Сырттан-жігіт қашты мұрнын шымшып ап,
тазы-сұлу жылап ерді қыңсылап.
Сөз өнері ұқсас дейді тасқынға,
кейде бірақ тасқын да
қалады ғой көлденең тас астында.
Көлденеңдеп сөйлейді жұрт!
Міне, Сізге ер мұңы:
қонақтың да батады екен қорлығы,
батады екен есер сөзі мастың да –
құлағыма түрпідей боп тиді үні,
ал, бәрінен пиғыл қандай, пиғылы!
Бәрімізге тағдыр – біреу,
Бір ырғақ,
ана тілін шамамызша жұмырлап
келеміз ғой, сол тіл үшін егес қып,
сен – құрысаң,
мен – құрысам емес түк,
бірер кітап тумай қалар мықтаса,
одан ешкім ұтылмайды – ұтпаса.
Егер, егер тіл құрыса?..
Сақта, «Алла»,
тоқтығыңа,
көптігіңе мақтанба!
Тілің құрид дегенді де түбінде
Айтты әлгі адам
Абай, Мұқтар тілінде!
Африкада құлдың өзін тілімен
Бірге сатқан – сатқанда.
Әттең, оның сөйлегені жанып бір
көкірегінің түкпір-исін танытты.
Жігіттің ірілігі не керек,
Тілі өлсе егер – тірілігі не керек,
керегі жоқ маған ондай халықтың!
Ертіс – ерке
Жайық – ақ,
жайырақ ақ, жайырақ!
Арғы беттен келе қойшы қайық ап,
алғы күнге өткізейін тілімді,
Ертіс, Жайықтан да тілім байырақ,
тереңірек;
мына ғажап көктемде
тілім өлер деген қауіп жоқ менде:
жалауларым өз дінінде ілінді,
ұрандарым өз тілімде ілінді,
оқып, білдім Лениндік ілімді
өз тілімде;
тілім осы бүгінгі,
ертең-дағы жоймас ешкім тілімді –
неге мұнша таусылдым мен, түңілдім,
бір есердің сөздері үшін жаңағы,
неге менің ішім өрт боп жанады?
Егер де емес, күншіл ғой ол тас-қара,
одан да өткен масқара бар,
масқара:
маған айтқан сөзін ол
айтпас деп пе ең басқаға?!
Өткен түні дөңбекшідім түнімен:
бір досымның баласы
«екі» апты «Ана тілінен».
Ғамзатұлы сырын айтқан бір асыл:
өз тілімде өлем деді Расұл.
Не бітірем артында қап тілімнің,
менің де сол – расым.
Сездік талай іштарлықты – мұздадық,
қалам ақы төлейтін
кассирлердің түр-болмысы Сізге анық:
еңбегіңді, өнеріңді түсінбей,
тиыныңа қарайды ғой қызғанып?!
Пендешілік, ей, бейшара, пенделік,
бітпедің-ау сен де өліп!
Мейлі, есерлер менсінбесе қол сілтеп –
тілім тірі болсын тек!
Тілден қалып өмір сүрген жоқ халық –
шындық осы;
сол шындықты ноқта ғып
киген дұрыс – мал болсаң да – басыңа,
аштан өлсек – біз өлейік – жасыма,
Сенің еркің, бақпай қойсаң балаңды,
Асырама, арсыз бол да анаңды –
айналайын,
ана тіліңді асыра!





Пікір жазу