03.06.2022
127
Жүрегіммен тілдесем
Шаршадың ба,
шалдықтың ба, Жүрегім?..
Жазиралы жұмағыңда
жүр едің.
Тірлігіңнің тұғырына
қонақтап,
Қиялыңның қанатында
түледің.
Жалықтың ба,
жабықтың ба, Жүрегім?..
Жалғаныңның
жапасынан жүдедің...
Тау қопарып
тастайтындай бойыңда
Бар еді ғой қайрат,
күшің, жігерің?!
Қаның қайнап басылмайтын, Жүрегім,
Қара түннің
жарып өттің түнегін.
Қиындықтың
қиып түскен қылтасын,
Білеудейін
балуандай білегің.
Салмақ түсті
нар жүгіндей, Жүрегім,
Тұяғыңды
тағдырыңа тіредің.
Байтақ дала
иесі мен киесін
Тәңірімнің
тануын Сен тіледің!..
Сенде алыптың
күші барын білемін,
Өміріңнен
үзілмесін күдерің!?
Ұзақ жолда
шаршадың да,
шалдықтың...
Ат-арбаңды
доғарма әлі, Жүрегім?!