03.06.2022
149
Жүректің сөнбесе де жарқылы әлі...
Жүректің сөнбесе де жарқылы әлі,
Шаттықтың шалқары жоқ шалқымалы.
Көмбеге таяғанда тұлпардың да
Тынысы тарылады,
Алқынады.
Қоңыр күз...
Солықтаған гүл сүреңі,
Жиекке жыламсырап күн сіңеді.
Бұтақта жетім қалған жапырақтың
Көзінде қимас ғұмыр күрсінеді.
Боз жусан боздалада бозарады,
Күптенген көңілдің бар өз алаңы.
Тобықтай түйіні жоқ тіршіліктің,
Табаны тыпырлаумен тозады әлі.
Ұршықтай иірілген ұшпалы күн,
Танытпай өте шықты түс-танымын.
Кім білген өрістеген өміріңнің
Қамшының сабындай-ақ қысқалығын?
Көктем, жаз, күз бен қыстың арасында Адасып,
Қайран, өмір, қаласың ба?!
Күйкілік күл астында көлеңкелеп,
Ұйқылық көз жұмады шарасында.
Баз кешіп базарынан бұлаң күнім,
Сағынып іздеп келер Ұланды ұлың.
Жастанып Қаражалдың қара тасын,
Жатармын жағасында Жыландының...