Күмісбегім, жүрегіңді ап қолыңа...
Күмісбегім, жүрегіңді ап қолыңа,
Тілегіңді жайып салып жолыма,
Жетіпсің-ау, қарлығаштай, бауырым,
Жығылғанда ағаң азап орына!
Аңдамадым жібергенін оқты кім,
Алысатын айтулы жау жоқ бүгін.
Қай тасадан қағып түсті қапыда,
Қай пейілімнен, қалай, неге соқты кім?
Күмісбегім, кімге жағам күйемді,
Қанатты ғой жүректегі сүйелді.
Тыртығынан жарымжан боп қалармын,
Өңала да қоймас көңіл күйі енді!
Үш ұйықтасам, кірген жоқ қой түсіме,
Қайрат қайсы құдіреттің ісіне!
Кімнен өш ап, кімге төгем қаћарды?
Ызаланам, тісім тимей тісіме!
Көз алдында тағдырымның тарамы,
Өзгені қой, шеше болды арамы.
Жақсы күндер тұрақтамай басымда,
Жаманшылық белең алып барады.
Енді елуден асқанымда, Күмісбек,
Қиып түсті топшымды бір қылыш кеп.
Мен бейбақты жылатқанда ғұмыры,
Қанды жасты дауасына кім ішпек?!
Қамығамын, жауап таппай біріне,
Қасіреттің жаны сонша сірі ме?..
Күмісбегім, саған мәңгі ризамын,
Ел сұраса: жүрегі жоқ, тірі де!