29.05.2022
  116


Автор: Бекен Әбдіразақов

Жапырақтай жүрегім қалтырады...

Жапырақтай жүрегім қалтырады,
Қазан ұрды, мезгілсіз күзім келіп.
Енді қандай менімен жан тұрады,
Ажарымнан ажалдың жүзін көріп.
Елу жылғы бау-бақша мәуелері
Шіріп жатыр жарамай азығыма.
Бозторғайым соңғы рет әуеледі
Мен аңсаған жусанды жазығыма.
Әурелендім жерге мен тұқым шашып,
Рақаттай қарадым азабына.
Өніктерім өнбестен, құтым қашып,
Ұрындым ғой ақыры қазанына.
Салқын тарттым бейуақ күз келгесін,
Үзіледі-ау жүрегім жапырақтай.
Жатам үнсіз, төсімнен іздер несін,
Жұрты безген мен де бір атыраптай.





Пікір жазу