Жаралы жүрек
Ауырып жатыр кеудеде жүрек,
Қайырсыздыққа қырсығып.
Ақындар өлсе, беу, неге жүдеп,
Жүректен кетед тұншығып?
Жүрекке түсед салмақтың бәрі,
Өмірде жоқ қой жеңілдік.
Жүйкемнің бұлай зарлап тұрғаны –
Жаратпаған соң темір ғып...
Ауырад жүрек – нәзіктігінен,
Қата алмай қара тас болып.
Жалғаннан кейде қажып түңілем,
Жүректен ыстық жас төгіп...
Жараның көбі жүрекке құмар,
Ал өзі мүлдем жалғыз ғой.
Адасқан сынды түнекте мұнар –
Бұл жағдай кімге салғызды ой?
Дүниеден мынау дауасын таппай,
Жүрекке кілең дерт толды.
Тыныстап жүрген ауа сырқаттай,
Мендік дем талай мерт болды...
Сау емес біздің ғасыр түгілі,
Жүректей соққан сағат та әр.
Жоғалған күні асыл тұғыры,
Уақыттан безді тағаттар.
Бұлқынып жатыр кеудеде жүрек,
Шыдатпай күйбең тіршілік.
Ақындар өлсе, беу, неге жүдеп,
Жүректен кетед күрсініп?