26.05.2022
  103


Автор: Сәндiбек Жұбаниязов

Қиял асуы

Қиялға малтып,
сезiмге шалқып,
Қара аспан төнiп төбемнен,
Қаймағы ойдың
көзiмде қалқып
Қиялай астым белеңнен.
Қарады Ай да
томырықтанып
Дегендей “Мынау қандай жан?”
Сұлбасын –
түнге iлiнiп қалып –
Мұңыма ұқсаттым сарғайған.
Үмiт жұлдызым –
көрiнер әр түн,
Бүгiн де маған қайрау бол.
Жаныма жыр боп
өрiлер, бәлкiм,
Жұмбағын бүккен айдау жол.
Тас түнек түнге –
жанардай, мына,
табынған едiм Айға шын.
Өтем бе ендi
таба алмай, сiрә,
Адамға тиер пайдасын?!
Қасиет бар-ды
қаныма сiңген
Жақсылық күтер сәрiден.
Жұқтырды ненi Ай
жанына түннен
Құпиясын ашам әлi мен.





Пікір жазу