25.05.2022
  146


Автор: Жұмабай ҚҰЛИЕВ

Жыр - жүректің бұлбұлы

Сойған қойдың аузында шөбі қалар,
Күйшінің көкейінде сазы қалар.
Мендегі тұңғиыққа көз салсаңшы,
Көп өлеңші-толқынның көбігі олар...
Түсіретін зор қысым, санаға күш,
Өлең жазу – азапқа барабар іс.
Біздегі сар желісті байқадың ба,
Қалай екен інішек, аяқ алыс?
Құр қиқу, кіл ыржаққа елікпестен,
Ойдың нəрін келемін теріп көптен.
Əр сапардан жыр жаздым, құстай болып,
Қонған жерге мамығын төгіп кеткен.
Болар түбі жастықтың көші ғайып,
Кел, мұңдасым, бой жазып отырайық.
Бара жатыр онсыз да өмірімнің,
Үріккен қойдай бір шеті опырайып...
Бақылайтын бір жан бар жолымды игі,
Соны ойласам көңілім абыржиды.
Тортасынан айырған сары майдай,
Ұсынам деп шаршадым лағыл жырды...





Пікір жазу