24.05.2022
  109


Автор: Бақыт Беделханұлы

Адам ата жүрегінде жұмыр жер...

Адам ата жүрегінде жұмыр жер,
Жұмыр жер де жел тілімен күбірлер.
Пендеміз ғой, біз пендеміз...
Жасаған,
жұдырықтай жұмыр жерге ғұмыр бер!
Шыққан күнмен бірге тарап шуағы,
Алашыма тұғыр болған тұрағы.
Шығысыма шырай берген өр Алтай –
Жұмыр жердің жүрегі мен жұмағы.
Қымтағанда қара түннің шапаны,
Сала-құлаш ақ күміс боп сақалы.
Жұлдыз-мүйіз кер бұғысын жусатып,
Ұйқылы-ояу... Ай жастанып жатады.
Асқар тауға ақ бурасын шөктіріп,
Қара ертіске қабырғасын сөктіріп,
Күн көтеріп оянады содан соң,
Жанарынан таңның нұрын төктіріп.
Адам-Ата, Һауа-Ана – алғаш қонағы.
Содан бері ел мен жұрты тобалы.
Ай маңдайын Алла сүйген Алтаймен,
Шығысымның жұлдызы да жоғары.
Барқынданып батысыма батқан Күн,
Атқан таңның арай нұрын ап қалдым..
Арманымды аттандырып Алтайдан,
Таусылғанда таудан тағат тапқанмын!
...Қазынаға жолықтырса жол түбі,
Саған қарай сапар шегем сол күні.
Адамзаттың алтын қазық мекені –
Айналайын, Һауа-Ананың төркіні!





Пікір жазу