Жүрегім, бір күн байыз таппайсың сен...
Жүрегім, бір күн байыз таппайсың сен,
Көңілімнің тереңіне байлайсың сен.
Шабыттың шарабынан дәм татқандай,
Шарапатты нұрыңмен қолдайсың сен.
Өнердің ең артығы өлең еді,
Ақындар өрлігімен еленеді.
“Өлең - сөздің патшасы” деп айтылған
Абайдың әр сөзінен сезіледі.
Өлең-жырды қадірлеп аялағам,
Сезімнің терегіне саялаған.
Қалдырып жауһар жырмен қазынамды,
Шабыттың кең даласын аралағам.
Қиын екен өмір түгіл, өзіңді де білмеген,
Қиын екен айналаңда жатса адам күндеген.
Жалғандықтан улайды бойыңдағы санаңды,
Біреу сені қарғаса, дұғалатып тілменен.
Керегі жоқ!
Керегі жоқ!
Керегі жоқ өмірдің,
Жылау болса ғұмырым, керегі жоқ көңілдің.
Керек болсам о жаққа, мен қиямет шекпеймін,
Тауып алар өзі іздеп дауасыз дерті өлімнің.
“Қазақ деген елміз, халықпыз” деп,
“Халықтың көзін ашқан жарықпыз” деп,
Өмір деген өзеннің арнасымен
Талай ақын жүзіп өткен шабытты іздеп.
Аманбысың, ел-жұртым, көрмесем де,
Өнерімді өлең етіп өрлесем де.
Маған деген қасиетің биік шынар,
Қолым жетпес қаншалық сермесем де.
Шайқалмасын үйіңіздің ірге тасы,
Қуанышқа кенелсін үлкен-жасы.
Мынау ұшқыр заманның сайтандары
Дұшпандарын қоймасын сізге қарсы.
Шықпайды жерге егін екпесеңіз,
Бойыңнан қара терді төкпесеңіз.
Жалқауға сөз, наданға қамшы өтпес,
Жатса болды тойып алып етке семіз.
Ақындардың аузында дақ сөз болмайды,
Жел айдаған қаңбақта көз болмайды.
Абайдың даналы алтын сөздерін
Қанша рет боясаң да жез болмайды.