23.05.2022
  95


Автор: Мұрат Шаймаран

Күдік - үміт

Өтті уақыт, ақты жұлдыз, жиі ақты,
Мен жаныма табам қайдан миятты?!
Боз аспанда қалып қойған асылып,
Күннің өзі күзгі жапырақ сияқты.
Тұр алдымда атаукерем – ақырғы ас,
Мезгіл берген у шарапқа ақын мас.
Қаңтарда бір қардан киіп көйлегін,
Ару талдар енді биге шақырмас.
Мені торып жүрген мынау қандай үн?
Кім біледі,
Кім айтады мəн-жайін?
Əлде жел ме сыртта сыңсып жылаған,
Сұп-суық бір əйнекке ұрып маңдайын?!
Мен отырмын. Тағы сен бар, өлеңім,
Бір дұғамды мың қайталай беремін –
«Ұйқас, ырғақ құрсауында тұрып та»,
Сен екеуміз еркін болсақ деп едім.
Аяз айбар жатыр шегіп, борап маң,
Əттең, бізге барар жер де жоқ аттам.
Самайыма қылау болып ілініп,
Басыма кеп ұя салған бар ақпан.


...Алтын хауыз, асыл жұмақ дегеннен,
Шəкірттердің əр сөзіне сенем мен.
Шіркін, соған жетсем
Жердің шарын да,
Домбыра ғып толғап-толғап берер ем.
Өтті уақыт, ақты жұлдыз нұры ұшқан,
Сабыр, сабыр, о, өлеңім, суыспа!
Менің сəби жүрегімдей мөлдіреп,
Алау-жалау күн шыққанша шығыстан...





Пікір жазу