23.05.2022
  134


Автор: Мұрат Шаймаран

Қайыршының қиялы

Бір құмарлық жүрегімді мекендеп,
Қалтыраған буынымды бекемдеп,
Жұлдыз жанған терезеңнің тұсынан
Мұңға батып өтем мен.
Аласұрған алпыс екі тамырым,
Аққан қан ба, өзен бе əлде,
Тəңірім!
Жыртық шекпен иығымды тұр басып,
Жамау-жамау аяғымда шарығым.
Келе жатқан жаңа көктеп, бүр жарып,
Кім тыңдайды қайыршының мұң-зарын?!
Əйнегіңнен сен қарайсың тым асқақ,
Мені жасқап, гүлзарым.
О, дариға, сен жалындап, мен сөнбей,
Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей,
Сарайыңнан алып қашып, мен саған,
Тау басынан лашық жасап берсем ғой.
Асыл-асыл торғын жапқан тəніңді,
Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой...
Тойым тойлап жыршы құстар жеткенде,
Бұл өмірге менің өзге өкпем не?
Кетсем ұйықтап басым сүйеп кеудеңе,
(Білесің ғой мамық жастық жоқ менде.)
Байлық, даңқ, бəрі де жоқ, бəрі өлген,
Уақыт оны тұрған жоқ па дəлелдеп.


Керек етсең, мынау дала менікі –
Тауларым мен өзенімді берем мен.
Атқан таңды, батқан күнді сездірмей,
Мезгіл бар ма, мен аңсаған мезгілдей!
Босағада жатса жамау шарығым,
Сенен өзге дүниені көзге ілмей...
О, дариға-ай, сен жалындап, мен сөнбей,
Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей,
Сарайыңнан алып қашып, мен саған
Тау басынан лашық жасап берсем ғой.
Асыл-асыл торғын жапқан тəніңді,
Жасыл-жасыл жапыраққа көмсем ғой...





Пікір жазу