23.05.2022
  131


Автор: Әбубәкір Қайран

Үміт дүниесі

Тістің суын сорғанмен ас бола ма, тәйірі,
Әр нәрсенің сөйтсе де болар түбі қайыры.
Үмітімді ып-ыстық үрлеп, иіскеп көрдім мен,
Тәтті тамшы үзіліп түсті сонда ернімнен.
Сол тамшыда не кетті?
Затым ба еді керекті?
Біле алмадым –
тәттіге үйренбеген себепті.
“Сілекейін сөз етті” десін біреу дедім де,
Бір мысқылды үйіріп қойдым дереу ерінге –
Сілекейге сүрініп сілең қатқан жан едің,
Менен тәуір білесің тәттілігін дәменің.
Арман көп-ау не түрлі,
Соның көбі кетілді.
Тамып-тамып тоқтады
Үміт...
жасым секілді.
“Адамдармен жар емен қуанбайтын,
күлмейтін,
Менің жаным – сақилық,
тарылуды білмейтін”,–
деп жар салды әлемге
менің дөкей бір ағам.
Сол кісі де...
Сонау күн... “кедеймін” деп жылаған.
О?! Несі екен мұнысы?
Кедей ме еді бұ кісі?
Көп еді ғой жазғаны,
жайлы еді ғой жүмысы...
Әңгіме емес бұл сөзім –
пендешілік баяғы,
Бұзық болып шығады бұндай сөздің аяғы.
Көңілімді көтеріп, үмітімді үрлейін,
Ақылы асқан ағадан әңгімеге қыз бейім...
Еске алайын анамды.
Еске алайын даламды,
Байқап-байқап сілтейін,
Балаң ойлы қаламды.
Ерлік істей алмадық, ездік көрдік бірталай,
Тоқырадық, тоқтадық,
шымырламай, шырқамай.
Қарын бастан жоғары шығып кеткен заманда,
Ақын деген немене?
Ақын деген адам ба?
“Заманыңа ыңғайлы,
Өлең жанға тым жайлы.
Болсын» –
деген ұранды
тұтып,
біреу жырлайды.
Жырлағаның жақсы-ақ-ау,
Тынбағаның жақсы-ақ-ау.
Мына сөзді бірақ та тыңдап алғын,
“жақсы” аға-ау:
Заманыңа сай өлең жазу сенің не теңің,
Әрең ұстап жүрген соң екі сөздін етегін.
Бар болса егер, ойынды,
Айт та, жаса тойыңды.
Бос қораңды күзетпе,
Айдап кетсе қойыңды.
Біз отырмыз, мінеки, тістің суын сорумен,
Сен отырсың, әнеки, бос қораңды көрумен,
Тіс сарсығын сорғанмен ас бола ма, тәйірі,
Болар бізге сөйтсе де бір күн істің қайыры.





Пікір жазу