22.05.2022
  139


Автор: Әбубәкір Қайран

Қаныш-жүрек

Санасы – салқар,
Сезімі – от,
Ойлары – дастан,
Керілген кербез кеудеден бой, бағы да асқан.
Еңсесі – тауға,
Маңдайы далаға тартқан –
Еріне Жері құпия қойнауын ашқан.
Байтағын сүйіп,
Бақытын егіле тілеп,
Еңіреп жұрты жыласа
Езіле жүдеп.
Заманның сызы тоңдырып,
Адамның мұңы,
Мұздады бірде,
Сыздады Едіге - Жүрек.
Бабалар сөзін түлпардың ізіндей көрген,
Жадына жаттап,
Санаға тізімдей берген.
Тектіден туып,
Тел емген Аспан мен Жерді,
Түбінен тартып Қаракөк үзілмей келген.
Көргенде керік кеудені,
Арыстан басты –
Шері мен бөрі шендеспей,
Алыстан қашты.
Адамның ұлын аялап,
Анадай сүйіп,
Айтыңдар, бүгін қай қазақ Қаныштан асты!?
Қан-ағамды айтсам –
Қомданам,
Балаша бөсем,
Шат болман қалай,
Шартарап санаса көсем.
Әспенсу болмас –
Әлемдік шындардың көбі
Имантайүлы Қаныштан аласа десем.
Ұмытпас оны жат– жақын,
Ұлы Елі болып,
Тұтқасы көріп,
Тұлғасы, тірегі көріп.
Қалады, білем,
Қасиет қазаққа біткен
Қаныштың мәңгі өлмейтін жүрегі болып!





Пікір жазу