22.05.2022
  133


Автор: Сəбит Бексейіт

Ауғанстан - азияның жүрегі

1. 2001 жылғы 11 қыркүйек
Нью-Йорк. 9 сағат 30 минөт...
Сауда орталығының қос ғимараты,
Көзді ашып-жұмғанша қирап жатты...
(Хроникадан)
Екі “әлиф” әп-сәтте құлатылды,
бастап беріп бір сойқан сұрапылды.
Сөйтіп “әлиф” “сын”* болды шалқалаған –
аспанда Ай да шалқалап сірә туды.
ІІ
Екі алып жойылып қас қағымда,
төңірегі оранды от-дауылға.
Қос ғимарат алатын көздің жауын,
қас қағымда айналды қос табытқа.
Екі шырақ жалп етіп сөнді со күн,
қара құрдым түнек қып оңын-солын.
Æ
Æ
Екі шырақ айналды қос жебеге,
қос қарақшы жүр шөлдің торып жолын.

Кесірткідей тау-тасқа тұрақтады,
тәліп сорлы тып-типыл қышлақтары.
S S
Қара құстай жеміне шүйлігеді,
үшкір тұмсық “Стелс” ұшақтары.
Шын алып қой АҚШ-ың – дәу арыстан,
тәліптейін** тым ұсақ – Ауғанстан.
Арыстан мен тышқанның қақтығысын
тамашалап, адамзат таң қалысқан.
Сынып барып “әлифтің” “сын” болғаны –
сұрапылдың ақыры шын болғаны.
Жарты әлемді қамтыған бұл соғыстың
Адамзаттың басына СЫН болғаны!
2. Содырлардың соғысы
Жүректі дерт шалса – денеден маза қашады.
Ауғанстанды соғыс өрті шалса –
Азиядан тыныштық кетеді.
Мұхаммед Иқбал.
Әділетті ұстанған боп Буш бүгін,
Көрсетуде қаракетін күштінің.
Жау бомбасы үстінен кеп дөп түспей,
‘‘Пішту!’’ дейді аман қалған пуштуның.
Бейбіт халық – сан бомбаның құрбаны.
Ауғандықтың атпайтындай нұр таңы,
Шалма қанша көлегейлеп тұрса да,
Танауының дәп ұшында тұр жаны.
Жайбарақат сау-саламат Бен Ладен,
Жөн айтады ‘‘алған беттен танба!’’ деп.
Құрбандыққа байлап беру өзгені –
Содырлар мен сойқандарға тән ғадет.
Екі жақтың айтар сөзі – Әділет,
Қай жаққа да айтып жатыр ел нәлет.
Ақпыз дейді тәліптер де, АҚШ та,–
Апырмай, ә, сонда қайсы әбілет?!
Ауғанстанға бомба-жауын жауған күн –
Азияның басынан бақ ауған күн.
Таз ашуын алғандайын тырнадан, –
Шын соғысқа ұласқаны жанжалдың.
Ауған десем, түседі еске Вьетнам,
Айтқан сөз бен қылған істен кетті мән.
Талибан боп, терістік боп бөлінген,
Елдің мынау келешегі – көк тұман.
Джордж – жойқын, осал емес Осама,
Екеуінен қорыққан жұрт боса ма?
Сан айламен бұрын ешкім қоспаған,
Қырық пышақ елді жау кеп қоса ма?!
Ғимаратты жермен жексен құлатып,
Жамиғатты шошындырып, жылатып,
Зұлымдықтар Ізгілікті қашанда,
Тұрады екен құрту үшін ұнатып.
Қирату да, у шашу да – содырлық,
Бейбіт елді жусату да – содырлық.
Содырлардың көсемдері қанқұмар,
Қантөгіске шіміркенбей отыр нық.
Жүріп жатыр содырлардың соғысы,
Бейқамдардың оныменен жоқ ісі.
Бұл соғыстың авторлары кім десек,
Бен Ладен мен Буш дер елдің көбісі!





Пікір жазу