22.05.2022
  113


Автор: Индира Кереева

Қиял

Берші маған
сынбайтын күш, Жасаған!
Келер емес
қытымыр қысқа шамам;
Есім ауып іздеймін көшелерден,
Тым құрыса
сол жанға ұқсас адам...
Аяп мені,
тағы да Ай жылады;
Қара бұлттар салады қайғылы әнін;
Жоқтығыңның кінәсін менен көрер,
Көлеңкемнің
көзінен қаймығамын.
Тағы қапас...
Қараңғы бөлмедемін;
Бөлмем мынау ұқсайды көрге менің.
Көлеңкемнің денесін сипап көрем,
Тірімін бе?
Рас екен өлмегенім.
Құшағында тұншығып күдікті ойдың,
Тағы отырмын...
Жүректе тұнық қой мұң.
Жұлдыздармен жаздым да есіміңді,
Қара аспанның төріне іліп қойдым.
Саңындым ғой!
Жеткізем оны қайтып?!
Қол ұшын да созбайды өрім ай түк;
...Шер тарқатып тағы да жұлдыздарға,
Көлеңкеммен отырмыз көңіл айтып...
Бәрі,
бәрі қызықсыз,
тосын жай бір;
Қарашыққа жазылды жасындай жыр.
Өзің жайлы кешкілік...
Күн батқанда,
Өлең жазып отырам осындай кіл...





Пікір жазу