21.05.2022
121
Жүрегіме
Жүрегімді аямадым дәл бүгін,
Жарланып жыласын.
Шаттығының шашып алып барлығын,
Биігінен құласын!
Жұбатпадым, жек көрдім де жерініп,
Бағынбайтын тәніме.
Жыла тағы, жылай түсші егіліп,
Кінәлісің бәріне.
Жаратқанған жалынасың жығылып,
Жарылқа деп құлыңды.
Тәнімнің кеп тасасына тығылып,
Ұмытасың мұңыңды.
Иманыңды үйіресің ақталып,
Сол пәктікке сеніп пе ең?
Мені жүрсің жоғалтуға шақ қалып,
Ұғынбайсың неліктен?
Сырласым деп, сырыңды ашып аласың,
Ақымағым, аңғалым.
Сосын соған тәуелді боп қаласың,
Мен көтерем салмағын.
Сарайымды таңмен бірге қағасың,
Оятады тәтті үнің.
Енді бүгін қайда әкетіп барасың,
Пейілімдей пәктігім?!