21.05.2022
  153


Автор: Динара Мәлік

Жүрегімде шертілетін күй бөлек...

Жүрегімде шертілетін күй бөлек,
Күй шертілсе күнім қалай күйремек.
Өмір мынау арманымнан қысқалау,
Тәңір өзі тілді берді сөйле деп.
Күндер келді сылаң қағып таңменен,
Шұғыласы қиялыма тән дер ем.
Мұп-мұздай боп, түн де сүйген ернімнен,
Жылы жаққа ұшам дей ме жан менен?!
Көгершін-ау, көп тілегі мойныңда,
Қанатыңды шыныменен жайдың ба?
Күліп тұрып, кетер ме екем қартайып,
Құдіреті бар ма мендік ойдың да!
Қайғы деген қабағыма жат, Ана,
(Сен тілеген таңым енді ата ма?)
Барлығына қырық жаным қырқылар,
Тағдырыма тең келмедім, о, тоба!
Жұпарыңды аңсадым-ау қайран жыр,
Ей, дүние, елесіме айнал бір!
...Үйге келсем, қос құлыным Құдай-ау,
Үмітімді жинап алып ойнап жүр!





Пікір жазу