21.05.2022
154
Шын жүректен
«Шын жүректен...» - дедім де,
«шын жүректен...»,
Бере салдым жүректі дір-дір еткен.
Беу, перизат, сен соны түсіндің бе,
Көз алдымнан сағымдай
бұлдыр еткен?
Өңім түгіл
баспаған түсімде аяқ –
Кереметке
пәк нұрмен түсін бояп
Кіргіздің де,
есімді жиғанымша
Ғайып болдың
Бақтың бір құсындай-ақ!
Аңыздың да кім білген
шын боларын,
Шын боларын
және оның мұң боларын.
Тағдырымды тәрк етіп...
тағы қалдым
Тыраулатып сезімнің тырналарын.
Қиялыма құрбандық қара басым
Бағаласа, тек өзі бағаласын.
Елесіңмен
есімді түрткен сайын
Өзегіме өлең боп ораласың.
Беу, перизат, нұр әлем, мөлдір есім,
Айта берем ежіктеп енді несін.
Жүрегімді жаулаған Сен дедім ғой,
Үкімін де енді оның
Сен білесің!