19.05.2022
  122


Автор: Шаяхмет Оразымбекұлы

Барыс жүрек

Қаптап кетті бүгінде дүбаралар
Көсемсиді-ау жағымпаз «ғұламалар»
Бір ақырса қаһарлы қожайыны
Бұлғаңдатып құйрығын тына қалар.
Өздерінше қыран боп құзғын бүгін
Тартқансиды ел мұңын, тілдің мұңын
Алты Алашым аңсайды-ау осындайда
Барыс жүрек Жұбандай жыр дүлділін
Есімізден қалайша шығады бұл?
«МЕН ҚАЗАҚПЫН!» саңқ етті
қыран үнің.
Селт етуге тиісті оты бар ұл
Біле-білсек Алаштың ұраны бұл.
Империя шығармай уысынан
Қаны тамып тұрса да қылышынан
«МЕН ҚАЗАҚПЫН!» – дедің сен көбі састы
Шықпаса деп бір пəле мұнысынан.
«Қатты кетті-ау, япыр-ау, Мəскеу не дер?»
Дір-дір етті намыссыз пəс кеуделер.
Еліңді ойлап жүрегің қарс айрылды
Той тойлаумен жүргенде мас пенделер.
Біреулерге атақ пен құрмет керек
Қосылмадың дарақы дүрмекке көп
Айтарыңды қасқайып айтып салдың
Бас кеспек бар болса да тіл кеспек жоқ!





Пікір жазу