17.05.2022
121
Үміт
Айлар ағып,
Кетті жылдар келмеске,
Жиырма бес те,
Он сегіз де,
Он бес те.
Он жетінің ауылы алыс қалғасын,
Сирек-сирек ораласың сен де еске.
Тұрмыс жанды мазалайды,
Қажайды,
Шаршайсың да айта берсең ол жайлы.
Бала көңіл,
Сәби сенім ол да жоқ
Баяғы бір адал достар азайды.
О дариға, ғажап еді кезінде,
Сүю менен өзгеріпті сезім де.
Басқа түгіл байқап байқап қарасаң,
Адал емес секілдісің өзің де.
Өткен күнде қалды қызық ғажайып,
Оның өзі емес шығар аз айып.
Тәтті қиял,
Алғыр арман,
Отты өлең
Бара жатыр бірте-бірте азайып.
Қоя алмадық алғырлықпен арқандап,
Кетті армандар қамбамызды талқандап.
Тек үзілмей өзіне-өзі сүйеніп,
Босағада қалды үміт жаутаңдап.