13.05.2022
116
Жатқан-ды бұғып жүрегiмде сыр...
Жатқан-ды бұғып жүрегiмде сыр,
Шыдамай қалдым айтпас ем.
Жаның ауырса бiр өзiң кешiр,
Жiберме жайып жатқа сен.
Сенi қинасам маған да қайғы,
Өзiмдi мүлде жек көрем.
Көңiл басқаға алаңдамайды,
Төгiлдi күнде тектi өлең.
Сен жоқсың.
Өмiр көңiлсiз әлi,
Бұла боп өстiм, қайтейiн.
Сүйдiрген менi өзiң кiнәлi,
Мен кiнәлi емеспiн әйтеуiр...
Жатқан-ды бұғып жүрегiмде сыр,
Ендiгi несi жасырын.
Қинамай менi, бiлемiн- дешi,
Белгiлi- дешi бар сырың...