10.05.2022
  150


Автор: Гүлбақыт Қасен

Үлкен жүрек иесі

Жетісудың бесігі қымбат маған,
Ән-жырымен сәбиін құндақтаған.
Қанша жетпіс атбасын бұрса дағы,
Жетіөзенім бұлағын құрғатпаған.
Жетісуда шалқып тұр өлең-өзен,
Арман бар ма өшпейтін өнерде өнсең.
Тілекшісі қашанда жас талаптың,
Сөйлер шешен болғанда көрер көсем.
Әли аға – көне көзем.
Зерлі жыры өмірдің таласында,
Әдемі өрнек айналған жарасымға.
Даналығы бір төбе бесік жырмен,
Қанық қылған жұмбақ ой, бала сырға.
Жырға тұнған арай нұр, таң шуағы,
Көлге айналған ақ көңіл тамшылары.
Үлкен жүрек иесі жастар үшін,
Жарығы мол шырағдан-шамшырағы.
Әли аға – ар шырағы.
Ізбасарлар балаған жыр шыңына,
Жібектей сөз байланған ұршығына.
Үлгілі ісі үйретер талаптанып,
Ықыласпен еңбекке құлшынуға.
Ақылманы ел-жұрттың, беделдісі,
Кемеңгердің кемімес кемел күші.
Рухы биік қазақтың азаматы,
Қаламгері, еңселі ерен кісі.
Әли аға – кемел кісі!
*************
Танып, біліп табиғат тылсымдарын,
Үйренеміз еңбектің қыр-сырларын.
Адал қызмет етуге шыныққан жан,
Ұға білер өмірде бір сыр барын.
Жиған-терген білімді желкен етіп,
Ақтау ләзім, сенімді ерте бекіп.
Қырық уәзір ақылы болса ерде,
Хан көтерер халқы да еркелетіп.
Тек Қырандар қияға қанат ұрған,
Бар болмысы ерекше жаратылған.
Жетісудың ғана емес, бар қазақтың,
Азаматы болыңыз дара туған.
Жақсылықты үйренген еншілеуді,
Жұрты сүйер, құрметтеп өршіл ерді.
Тәрбиелеп жатырсыз парасатпен,
Елге қызмет ететін елшілерді.





Пікір жазу