Шарана үміт
Самайы таңның ағарған,
Ұсынды нұрдан маған дəм.
Көк аспанға күн шықты
Өзгерген түк жоқ, жаңарған.
Жəдігөй бұлттар жөңкілді,
Жəрмеңке іздеп ел тұрды.
Ілді де ажал жөнелді
Жетімді баққан кемпірді.
Бостандық алды бұла жан,
Дұға ғып кемпір сұраған.
Селдіреп қарттар жиналды
Сексеуіл сынды құлаған.
Кеудеден жылу от қашты,
Тең-құрбы жылап тоқтасты.
Ақ жаулық бұлт кеп бір шөкім
Көз жасын сығып қоштасты.
Тозған да мекен ұлы жыр,
Торсық та шеке ұлы жүр.
Қорлығы батпан ауылдың
Қорымы жақын құрығыр.
ІІ
Тарады хабар желменен.
Өлімнің сəні елменен.
Жетім қозы маңырады,
Қасқаны кемпір жемдеген.
Əңгірлеп қанын қақыртты,
Əжесін өлген шақыртты.
Ай мүйіз теке түнімен,
Жетімді сүзіп бақыртты.
Жыртылды түннің қолтығы,
Көңілім мұңнан толқыды.
Жетімге ара түсетін
Жан болмай қалды сол түні.
Би менен төре алдап жүр,
Шартарап елді шаңдап жүр.
Түн менен күннің арасын
Жетімдер жылап жалғап жүр.
Тағы бір күнді батырдық,
Тағы бір таңды атырдық.
Шарана үміт, кер бесік
Шайнаулы бармақ, ғапыл жұрт.
* * *
Күміс пен күптеп даланы,
Көрген жан естен танады.
Тамылжып тұрған тарихтың
Тастан да ойған шанағы.
Алтыннан перне тағынған,
Тиекке тілсіз бағынған.
Қорымды кезіп сыр айтып
Қорлансам барып шағынған,
Айырма мені шағылдан!?..