Дала - жүрек
Далам, сенің жамалың әжім-әжім,
Сезіледі жаныма қажығаның!
...Жанарынан жас кеппес Баян барын,
Кеудесінен кек кетпес Қозы барын
Сен көрдің ғой!
Заманның тылсым әнін,
Түйсінуге ұмтылам, ұмсынамын.
...Сарыбайды бауырыңа қысып алып,
Қарабайды арқалап жүрсің әлі.
Қай кезеңнің сүртейін айғыздарын,
Қай жақсымды іздейін қай құздағы?!
Айтаңсықтың баса алмай зарлағанын,
Жұбата алмай жүрмісің Айқызды әлі?
Далам, сенің бауырың қатпар-қатпар,
Әр қатпарда таңбалар, ақтаңдақтар.
Жапырағын тонатқан шоқ шынарлар,
Ғашықтарын жоғалтып жатқан бақтар!
Шерлі заман жүрекке жара қатқан,
Шып-шып етіп тұр әлі жарадан қан.
Шынжырлары бар әлі білек кескен,
Мылтықтары бар әлі марал атқан!
О, биігі болса да обал ұғар,
Сұңқар емес, сол тұсқа қонар ұлар.
Әр бақсының бір-бірден сайтаны бар,
Әр жақсының бір-бірден Қодары бар!
Далам, сенің жауырының жырым-жырым,
Жүріп өткен жолы ма бұрынғының,
Ат сүйреген жер ме екен тұлымдыны,
Жат сүйреген жер ме екен бұрымдыны?!
Жер ме әлде Қарабай жылқы айдаған,
Батырып қара өкшесін жырта айдаған,
Баян қыздың қасына қорқау еріп,
Ер Қозының басында бұлт ойнаған?!
Жау ере ме жаныңа, дос ере ме,
Не жазғанын көрерсің пешенеге.
Әулиелерді іздесең – мазарларда,
Ғашықтарды іздесең – кесенеде!
Қарабайлар – жылқысы өткен жерде,
Заманасы басына шөккен жерде.
...Сол далада кездесіп жас жүректер,
Жауқазындар гүлдейді көктемдерде!
Далам менің – далиған жүрек қана,
Жатар бәрін Тәңірден тілеп қана.
Ғашық болса бір ұлы – гүлге оранып,
Жасық болса бір ұлы – жүдеп қана.
Сарыбайдай сарғайып арман қалды,
Қарабайдай қарайып жалған қалды,
Баян-үміт,
Қодар-дерт,
Қозы-мұң-ай,
Сол жүректе жыр болып қалған зарлы!
***
Гүл менен көбелек –
Сергек өлеңге классикалық,
символикалық әсем нұсқа.
Әрі керемет,
Әрі қысқа.
Мыңжылдық мағына,
Бір сәттік өлең.
Оларға тағы да,
Тағы да келем.
Айтар сәт баянды,
Дәл бүгін емес.
...Санамда оянды,
Әлдебір елес:
...Ешкімді күтпеген,
Ештеңе сұрамаған,
Өзгеден,
Әсіресе олардан (Гүл менен Көбелектен)
Басталып кетіп белгісіздеу бір нүктеден,
Беймәлім нүктеде кенеттен жоғалған,
Жалығыс пен көнбістік жіптеріне ілінген,
Ескі,
Тым ескі
Әдемі таңданыс пен әнтек жымиыстың көнерген
Суреттері бар еді, әлдебір тұсы бүлінген,
Бүлінген тұсын қартайған шебермен
Бірге желімдеп, жаңартқан кезде
Суретке тырс етіп көз жасым тамды...
Ең ауыр сөз де
Дәл бұлай ауыртпас жанды!..
Ол көктемнің суреті еді кешіккен,
Ол сүйіктімнің суреті еді гүл терген!
...Азан дауысы естілді мешіттен,
Қоңырау дауысы естілді шіркеуден.
Ал мен... үнсіз қалдым!..
***
Сезінуге мұрсат берші сенің әдемілігіңді,
Ерініңнің тәттілігін...
Тіл үйірер ме екен-ау?!
Қызыл шарап еркелігі секілді бұл қылығыңды,
Құдайымның алдына да айтып барам,
көкем-ау.
Пешенеме көптеу көрме ерініңнен бір өбуді,
Саған деген осы жырым –
Жас көңілдің жаршысы.
Тым күйдіріп бара жатыр төзе алмастай
жүрегімді,
Қара түнен тамып түскен
Жалғыз құмар тамшысы.
Не етем десең қалауыңда,
Жаным, тәнім құзырыңда,
Періштелер елшілігі секілді ойы ғашықтың.
Біздің сезім – құлақ ұшы лап ететін
қызылы да,
Біздің тірлік – әуре ме әлде сыртындағы
есіктің?!
Сенің көзің махаббатпен қарау үшін
жаралғандай,
Кірпігіңнің бір талында жеті түннің әлдиі...
Саусағыңнан бір сүйгізсең,
Құдайымнан қол алғандай,
Қалқып тұрған тыныштықтың құшағында
қалғиын.