15.04.2022
  146


Автор: Қалижан Бекхожин

ЕСІЛ ЖҮРЕК

Уа, жүрегім,
Сен – менбісің, мен – сен бе?
Бір сен ғана
Бар иманым десем бе?
Сенің әрбір лүпіліңде – тірлігім,
Бар тынысым
Қимыл қағып тұр сенде.
Жорғалаған бөденедей бітімнің,
Күні-түні таппайсың-ау бір тыным.
Қайнарымсың қан жүгірткен жаныма,
Тұл бойымды шымырлатып дүркінің.
 Шырағымсың
Жанып тұрған кеудемде,
Пәрмендісің – зіл денемді тербеуге.
Бір лебіңнен күндей жайнап дүнием,
Сен түнерсең – зілзәләмін әудемде.
Тарыққанда, тар кезеңде бұл басым,
Жалғыз ғана өзің болдың мұндасым.
Сондай шақта сенім бердің, дем бердің,
Айықтырдың талай шердің тұнбасын.
Күндерімнің шалыс басып ырғағын,
Беймаза көп ойларымнан тынбадым.
Қапияда аласұрған жүрегім,
Дүбіріңді үнсіз жатып тыңдадым.
Қуанғанда елпілдейсің сәбидей,
Жадыраймын, өкінішім сезілмей.
Адал досқа шоғын ашқан гүлдейсің,
Көп іздейсің жүректерді өзіңдей.
Қатыгезден қаймықпаған ер жүрек
Мұңлыларды мүсіркейсің елжіреп.
Тамырыңда қан тебінген шығар-ау,
Мен күрсінсем, –
Аяулым бір өлді деп.
Жұтқандай бір жұпар атқан гүл исін,
Сырлы саздар сыңсығанда мүлгисің.
Тебіренемін мен де сол сәт, жыр аңсап,
Бұл жалғанның ұмытамын күллісін.
Албырт кезде ләззат отын іздедің,
Бұл ғұмырда аз жұтпадың қыз лебін.
 Көрер едім өзегіңді ақтарса
Махаббаттың ирек-ирек іздерін.
Билеп мені,
Қасиетіңді бұлдайсың,
Арманымды сілтеп алға тынбайсың.
Қанбадың ба ләззатіне тірліктің,
Арманың не, енді неге тулайсың?
Жоқ соға бер,
Кеудемдегі қанатым!
Асқарым бар әлі самғап баратын.
Замандасқа ақтарсың сен,
Жүрегім,
Жанымдағы
Адам атын, ар атын!





Пікір жазу