27.03.2022
165
ЖҮРЕКТІҢ ҮНІН ЕСТІР ЖҮРЕК ТЕК...
Қайыршы жұртты жатыр жырымдап,
оқ тесіп ойдың түндігін;
қалталы байлар кімге бұрылмақ,
тағады кімге мінді кім?
Жанған айлар мен өшкен жылдардың
базарда бағы сыналар,
кешкен ойлар мен көшкен жылдардың
айыбын ертең кім алар?..
Қыздайын кәрі қалған оң жақта
көкірегін үміт-кек қарып,
қызғаншақ-дәуір – қиын толғақта,
жүрмесек етті текке арын?
Бекерге былғап бастау-тұнығын,
қалмасақ етті опынып,
алып ғасырдың теріп сынығын,
жанбасақ етті өкініп?..
Замана-жүйрік... Қою шаң қалып,
зулайды көзден кетердей,
өзгеге мәңгі өле таңқалып,
еңсесін тіктеп көтермей...
Осылай мына ел өтер ме, ей?!.
тамыз, 1992 жыл.