ҚЫРҒЫЗ ЖҮРЕГІ
Алатауда аласы аз ба шың-құздың, –
Аласы жоқ көңілін, ал пәк қандай:
He жетсін бұл жүрегіне қырғыздың,
Кір шалмаған ақ қардай!
Асқақтаған ақбас таулар, шың-құздар, –
Ақ жүрегін сыйлаған ба қырғыздар?
Жамырасқан өзен қанша бөктерде!
Төскейінде төл өрбітіп өсірген;
Жомарт жүрек сияқты бұл көк бел де,
Шетсіз-шексіз көсілген!
Көк өзендер күркіреген арнаңда,
Кеңдікті де сол жүректен алған ба?
«Жақын таныс, – деді, – бізге оралғын!»
Өрлік сырын сұрап едім шыңдардан –
Құрыш тектес шымырлығы олардың,
Шар болаттай шыңдалған!
Қайсар шыңдар, намысын бұлт жаныған,
Өрлігің де сол жүректен дарыған?
Қызығыңа қандым әбден, не керек,
Әр жапырақ жырлап жатқан ән мекен.
Дүниенің жұмағындай керемет
Мұндай да жер бар ма екен?!
Жасыл жайлау, бұл қырғыздар сендерге,
Жүрегінің сұлулығын берген бе?
Белуардан шалғын мен шық сайлары,
Қандай рахат көкмайса бел, таңғы аспан!
Қандай рахат – Ыстықкөлдің аймағы,
Айдыны – нұр, ал биігін қар басқан!
Көрікті етіп қырғыздар бұл сұлуын,
Сыйлаған ба жүрегінің жылуын?